Бүкіл Ислам кітапханасы

62 - The Congregation, Friday - Al-Jumu`ah

:1

Аспандардағы және жердегілер барлық нәрсенің шын Билеушісі, өте пәк, бәрінен Үстем, әрі өте Дана / Аллаһты / барлық кемшіліктен / пәк деп дәріптейді.

:2

Ол сауатсыздарға өздерінің арасынан Елші жіберді. Ол оларға Оның аяттарын оқиды, оларды тазартады және оларға Кітап пен даналықты үйретеді, олар бұрын анық адасуда болса да.

:3

Әрі оларға әлі қосылмаған басқаларға да. Ол бәрінен Үстем, өте Дана.

:4

Міне, осы - Аллаһтың кеңшілігі, Ол оны Өзі қалағанға береді. Аллаһ - ұлы кеңшілік Иесі.

:5

Өздеріне Тәурат міндеттеліп, кейін оны алып жүрмегендердің / орындамағандардың / мысалы - кітаптар артылған есек сияқты. Аллаһтың аят-белгілерін өтірік санаған адамдардың мысалы қандай жаман! Аллаһ әділетсіз адамдарды тура жолға салмайды.

:6

/ Ей, Мұхаммед! / Айт: «Ей, иудейлікті ұстанушылар! Егер өздеріңді адамдардың ішінде өзгелерден Аллаһқа жақынбыз деп ойласаңдар / өздеріңе / өлімді тілеңдерші, егер шын сөзді болсаңдар», - деп.

:7

Олар өз қолдарымен бұрын істегені / күнәлары / себепті ешқашан оны тілемейді. Аллаһ - әділетсіздерді жақсы Білуші.

:8

/ Ей, Мұхаммед!! Айт: «Ақиқатында өздерің қашатын өлім, күмәнсіз, сендерге кездеседі. Содан кейін сендер құпия мен айқын нәрсені Білушіге қайтарыласыңдар да, Ол сендерге не істегендеріңнің хабарын береді», деп.

:9

Ей, иманға келгендер! Қашан жұма күнгі намазға шақырса / азан айтылса / , Аллаһты еске алуға ұмтылыңдар да сауда-саттықты қойыңдар. Білсеңдер, бұл - сендер үшін қайырлы.

:10

Ал, намаз аяқталғанда, жер бетіне / баратын жерлеріңе / тарқалыңдар да Аллаһтың кеңшілігін іздеңдер әрі мұраттарыңа жетулерің үшін Аллаһты көп еске алыңдар.

:11

Олар сауданы не бір бос нәрсені көрген кезде, сол жаққа бет алды да, сені тұрған күйіңде қалдырып кетті. / Ей, Мұхаммед! / Айт: «Аллаһтағы / сый /- бос нәрседен де, саудадан да қайырлы. Аллаһ - ризық берушілердің ең қайырлысы», - деп.