Бүкіл Ислам кітапханасы

37 - Those who set the Ranks - Aş-Şāffāt

:1

Ант етемін! Сап түзеп тұратындармен,

:2

және айдаған айдаушылармен,

:3

және Еске салушыны / Құранды / оқитындармен.

:4

Ақиқатында, сендердің құдайларың әл-Уахид / Бір, жалғыз / .

:5

Ол - аспандар мен жердің және екеуінің арасында болғандардың Раббысы, әрі шығыстардың Раббысы.

:6

Біз төменгі аспанды аспан денелерімен / жұлдыз, ғаламшарлармен / көріктендірдік,

:7

және оны барлық бойсұнбаушы шайтаннан сақтадық.

:8

Олар жоғарыдағы топты тыңдай ал­майды, сөйтіп олар жан-жақтан атқыланып,

:9

қуылады. Әрі оларға тұрақты азап бар.

:10

Ал, кім / тыңдап / іліп алса, оның соңына отты ұшқын түседі.

:11

/ Ей, Мұхаммед! / Олардан сұра, олар­ды жарату қиын ба, әлде Біздің жаратқандарымызды ма? Анығында, Біз оларды жабысқақ лайдан жараттық.

:12

Негізінде, сен таңғалдың, ал олар / айтқандарыңды / келеке етеді.

:13

Әрі қашан естеріне салынса, олар естеріне алмайды,

:14

ал, егер бір белгіні көрсе, мазақ етеді.

:15

Олар: «Бұл ап-анық сиқыр ғана.

:16

Біз өліп, топырақ пен сүйектерге айналған кезімізде қайтадан тірілтілеміз бе?

:17

Әрі біздің алдыңғы бабаларымыз да ма?» - дейді.

:18

/ Ей, Мұхаммед! / Айт: «Иә. Әрі сендер де қор болған күйлеріңде», - деп.

:19

Шын мәнінде, ол - бір дыбыс қана. Сонда олар / қайта тіріліп / қарап тұрады.

:20

Олар: «Қап! Сорымыз құрысын! Бұл - Есеп күні»,- дейді.

:21

/ Оларға!: «Міне, өздерің өтірік санап келген Айыру күні - осы», - делінеді.

:22

/ Аса ұлы Аллаһ періштелерге / °: «Әділетсіз болғандарды және оларға ұқсағандарды және олардың табынғандарын жинаңдар,

:23

Аллаһтан өзге / жалған құдайларын / . Сөйтіп оларды Жахимның / тозақтың / жолына салыңдар.

:24

Әрі оларды тоқтатыңдар, өйткені олар сұраққа тартылады.

:25

/ Оларға / : «Сендерге не болды, неге бір-біріңе көмектеспейсіңдер?» - делінеді.

:26

Әрине, олар бүгін бойсұнушы.

:27

Әрі олар бір-біріне қарап, сұрақ қояды.

:28

/ Ерушілер / : «Сендер бізге оң жағымыздан келуші едіңдер», -дейді.

:29

/ Бастаушылары / : «Жоқ! Сендер өздерің иманға келмедіңдер.

:30

Әрі сендерге біздің билігіміз болған жоқ. Негізінде, сендер шектен шыққан адамдар едіңдер.

:31

Енді Раббымыздың бізге қатысты Сөзі орындалды. Күмәнісіз, / жазаны / татамыз.

:32

Иә, Біз сендерді адастырдық, өйткені өзіміз де адасуда едік», - дейді.

:33

Әрі сол күні олар азапта бірге болады.

:34

Ақиқатында, Біз қылмыскерлерге осылай істейміз.

:35

Өйткені оларға: «Аллаһтан басқа ешбір құдай жоқ», - деп айтылған кезде, олар менменсіп, өздерін жоғары қоятын,

:36

әрі олар: «Біз жын соққан бір ақынға бола құдайларымызды тастайық па?» -дейтін.

:37

Жоқ, олай емес! Ол ақиқатпен келді және / алдыңғы / елшілердің хақтығын растады.

:38

Сендер міндетті түрде қинаушы азапты татасыңдар.

:39

Әрі сендерге тек, істеп өткен амалдарыңның қайтарымы беріледі.

:40

Ал, Аллаһтың тазартылған құлдары басқа.

:41

Міне, соларға белгілі ризық бар,

:42

/ сан түрлі / жемістер, әрі олар құрметке бөленеді.

:43

Наъим (Жәннаттың аты. Мағрасы - көптеген нығмет, игілік) бақтарында,

:44

көтеріңкі орындарда бір-біріне қарама-қарсы отырады.

:45

Оларды бұлақтан толтырылған кеселермен айналып жүреді,

:46

аппақ әрі ішушілер үшін ләззатты.

:47

Одан іш ауырмайды әрі одан олар ақыл-естерін жоғалтпайды.

:48

Әрі олардың жанында көздерін қорғайтын, жанарлары үлкен / қыздар / бар.

:49

Әрі олар бейне бір / аялап / қорғалған жұмыртқадай.

:50

Олар / жәннаттықтар / бір-біріне қарап сұрасады.

:51

Олардың біреуі: «Менің бір жолдасым бар еді.

:52

Ол маған: «Сен / қайта тірілуді! шын деп сенушілерденсің бе?

:53

Біз өліп топырақ пен сүйектерге айналған кезімізде есеп беріп жазаға тартыламыз ба?» - дейтін.

:54

Сендер оны көріп тұрған жоқсындар ма?»- / деп жанындағылардан сұрайды. /

:55

Сонда өзі қарап, оны Жахимның ортасында көреді.

:56

Ол: «Аллаһпен ант етейін, сәл болмағанда сен мені құрта жаздадың.

:57

Раббымның игілігі болмағанда, мен / тозаққа / келтірілгендерден болар едім», -дейді.

:58

/ Жәннаттықтар / : «Біз өлмейміз бе,

:59

/ дүниедегі / бірінші өлімімізден басқа. Әрі біз жазаға тартылмаймыз ба?» - дейді.

:60

Шын мәнінде, бұл - ұлы табыс / жетістік, игілік / .

:61

Амал етушілер, міне, осы секілді / ұлы игілік / үшін амал етсін.

:62

Сый-сияпат ретінде осы / Жәннат / жақсы ма, әлде / тозақтағы / заққұм ағашы ма?

:63

Анығында, Біз оны / заққұмды / әділетсіздер үшін сынақ еттік.

:64

Ол - Жахим / тозағының / түбінен өсетін бір ағаш.

:65

Оның жемістері шайтандардың бастары секілді / өте ұсқынсыз / .

:66

Ал, олар одан жейді әрі онымен қарындарын толтырады.

:67

Содан кейін оларға оның үстінен қайнап тұрған су араластырылып беріледі.

:68

Кейін олардың / әділетсіздердің / қайтар жерлері - Жахим.

:69

Ақиқатында, олар аталарын адасқан күйлерінде тапты,

:70

әрі өздері де олардың / аталарының / іздерінен асығыс жүгіруде.

:71

Негізінде оларға дейін де алдыңғылардың көбі адасқан еді.

:72

Біз оларға ескертетін ескертушілерді / пайғамбарлар / жібердік.

:73

/ Ей, Мұхаммед! / Ал, енді ескертілгендердің соңы / қалай / болғанына назар сал,

:74

тек Аллаһтың тазартқан құлдарынан басқаларының.

:75

Ақиқатында, Нұх Бізге жалбарына үн қатты, Біз қандай жақсы жауап қайтарушымыз.

:76

Әрі Біз оны және оның үй ішін өте үлкен қайғыдан құтқардық.

:77

Әрі оның ұрпағын қалушылар еттік / қалдырдық / .

:78

Ол жайлы кейінгілердің арасында / ізгі сөз / қалдырдық.

:79

Әлемдердің ішінде Нұхқа сәлем !

:80

Күмәнсіз, Біз жақсылықты ықыласпен істеушілерге сыйын осылай береміз.

:81

Шын мәнінде, ол - Біздің иманды / мүмін / құлдарымыздан.

:82

Кейін басқаларды суға батырдық.

:83

Әрі шын мәнінде, Ибраһим де оның жолындағылардан еді.

:84

Ол Раббысына сау жүрекпен келді.

:85

Ол әкесіне әрі еліне: «Сендер не нәрсеге табынасыңдар?

:86

Сендер Аллаһтан өзге, ойдан құрастырылған құдайларды қалайсыңдар ма?

:87

Әлемдердің Раббысы жайында не ойлайсыңдар?» - деді.

:88

Сөйтіп, ол жұлдыздарға бір қарап көз тастады да:

:89

«Мен ауырып тұрмын», - деді.

:90

Сонда олар одан бұрылып кетті.

:91

Ал, ол олардың құдайларына / пұттарына / жасырына келіп: «Сендер жемейсіңдер ме?

:92

Сендерге не болды, неге сөйлемейсіңдер?» - деді.

:93

Сөйтіп, ол оларды оң қолымен ұруға кірісті.

:94

Сонда олар / қауымы / оған асығып келді.

:95

Ол / Ибраһим / : «Сендер, өздерің қашап жасағандарыңа табынасыңдар ма?

:96

Ал Аллаһ сендерді де, сендердің жасап жатқандарыңды да жаратқан», - деді.

:97

Олар: «Оған бір құрылыс құрып, оны отқа лақтырыңдар», - деді.

:98

Әрі олар оған бір айла жасағылары келді, бірақ Біз оларды ең төменгілерден еттік.

:99

/ Оттан аман шыққан соң Ибраһим / : «Мен өзімнің Раббыма барамын, Ол мені тура жолмен жүргізеді.

:100

Раббым! Маған ізгілерден тарту ет», - деді.

:101

Сонда Біз оны өте ұстамды бір ұлмен сүйіншіледік.

:102

Ол / ұлы / оның өзімен бірге жүріп, әрекет етуге жеткен кезде, ол: «Әй, балам! Мен түсімде сені / құрбандыққа / шалып жатқанымды көремін. Байқап қарашы, сен не ойлайсың?» - деді. Ол: «Әкешім! Өзіңе бұйырылғанды орында. Аллаһ қаласа, мені сабырлылардан табасың», - деді.

:103

Сөйтіп, екеуі де бойсұнып, ол оны маңдайын жерге тигізіп жатқызған кезде,

:104

Біз үн қатып: «Ей, Ибраһим!

:105

Сен түсіңде көргеніңді растап, орындадың»,-дедік. жақсылықты ықыласпен істеушілерге қайтарым сыйын Біз осылай береміз.

:106

Ақиқатында, бұл - анық сынақ.

:107

Әрі Біз оның орнына ұлы құрбандық бердік.

:108

Әрі кейінгілердің арасында ол жайлы / игі дұға-салауат / қалдырдық.

:109

Ибраһимге сәлем / амандық / болсын!

:110

Біз жақсылықты ықыласпен істеушілердің сыйын осылай береміз.

:111

Шын мәнінде, ол - Біздің иманды / мүмін / құлдарымыздан.

:112

Әрі Біз оны Исхақпен - ізгілердің қатарындағы пайғамбармен сүйіншіледік.

:113

Әрі Біз оған және Исхаққа береке дарыттық. Ол екеуінің ұрпақтарының ішінде игілік істеушілер бар, сондай-ақ, өзіне-өзі анық әділетсіздік етуші де бар.

:114

Әрі Біз Мұса мен Һарұнға да игілік жасадық.

:115

Әрі ол екеуін және олардың елін үлкен қайғы-қасіреттен құтқардық,

:116

және Біз оларға көмек беріп, олар жеңіске жетті.

:117

Әрі Біз екеуіне анық Кітапты / Тәуратты / бердік,

:118

және екеуін тура жолмен жүргіздік.

:119

Әрі Біз ол екеуі жайлы кейінгілердің арасында / жақсы сөз / қалдырдық.

:120

Мұса мен Һарұнға сәлем / амандық / !

:121

Ақиқатында, Біз жақсылықты ықыласпен істеушілердің сыйын осылай береміз.

:122

Күмәнсіз, ол екеуі - Біздің иманды / мүмін / құлдарымыздан.

:123

Әрі шын мәнінде, Ілияс та жіберілгендерден.

:124

Кезінде ол еліне: « / Аллаһтан / қорқып, сақтанбайсыңдар ма?

:125

Сендер Бәълға / пұтқа / жалбарынып, ең жақсы Жаратушыларыңды тастайсыңдар ма-

:126

өздеріңнің Раббың әрі бұрынғы ата-бабаларыңның Раббысы болған Аллаһты?» - деді.

:127

Сонда олар оны өтірікшіге шығарды, енді олар міндетті түрде / тозаққа / келтіріледі,

:128

тек Аллаһтың тазартқан құлдарынан басқалары.

:129

Әрі Біз ол жайлы кейінгілердің арасында / жақсы сөз / қалдырдық.

:130

Ілиясинге сәлем!

:131

Күмәнсіз, Біз жақсылықты ықыласпен істеушілердің сыйын осылай береміз.

:132

Шын мәнінде, ол Біздің иманды / мүмін / құлдарымыздан.

:133

Сөзсіз, Лұт та жіберілгендерден.

:134

Біз оны және оның үй ішінің барлығын құтқардық,

:135

тек қалушылардан болған бір кемпірден басқа.

:136

Содан кейін басқаларын жойып жібердік.

:137

Әрі сендер олардың жанынан таңертең өтесіңдер,

:138

және түнде де. Ақылдарыңды істетіп, ұғынбайсыңдар ма?

:139

Йунус та жіберілгендерден.

:140

Кезінде ол лық толы болған кемеге қашқан еді.

:141

Содан жеребе тартып, жеңілгендерден болды.

:142

Сөйтіп оны жазғырылуға лайық болған күйінде кит жұтты.

:143

Егер де ол / Аллаһты кемшіліктен / пәк деп дәріптеушілерден болмағанда,

:144

оның / киттің / ішінде қайта тірілтілетін күнге дейін қалған болар еді.

:145

Сонда Біз оны ашық жерге шығарып тастадық.Ал, ол әлсіз еді.

:146

Әрі Біз оның үстіне / оған / иақтийн өсімдігін өсірдік.

:147

Әрі Біз оны жүз мың немесе одан да көпке жібердік.

:148

Олар иманға келді. Сонда Біз оларды бір мерзімге дейін пайдаландырдық.

:149

Олардан / мүшріктерден / сұра, шынымен-ақ сенің Раббыңа қыздар, ал оларға ұлдар ма?

:150

Әлде Біз періштелерді әйел етіп жаратып, олар оны / көріп / куә болды ма?

:151

Біліңдер! Олар ойларынан шығарған жаласын айтады:

:152

«Аллаһ туды», - деп. Олар - сөзсіз, өтірік айтушылар.

:153

Ол ұлдарға қарағанда қыздарды таңдады ма?

:154

Сендерге не болды, қалай шешім шығарасыңдар?

:155

Естеріңе түсірмейсіңдер ме?

:156

Әлде сендерде анық дәлел бар ма?

:157

Егер шын сөзді болсаңдар, кітаптарыңды әкеліңдер.

:158

Олар / серік қосушылар / Онымен / Аллаһпен / жындардың арасында туыстық байланыс бар деп ұйғарды. Ал жындар болса өздерінің / есеп беруге / келтірілетінін білді.

:159

Аллаһ - олардың таңған сипаттарынан / жапқан жалаларынан / пәк,

:160

тек Аллаһтың тазартқан құлдары ғана басқа / ондайдан аулақ / .

:161

Ал, сендер және сендердің табынғандарың,

:162

Оған / Аллаһқа / қатысты ешкімді де бүлікке сала алмайсыңдар,

:163

тек Жахимда (Тозақта) жанатындарды ғана / бүлікке түсіре аласыңдар / .

:164

/ Періштелер / : «Бізден орны белгілі болмаған ешкім жоқ.

:165

Ақиқатында, біз қатарланып тұрушымыз.

:166

Әрі біз - / Аллаһты кемшіліктерден / пәк деп дәріптеушіміз», - дейді.

:167

Ал, олар / Мекке мүшріктері / кезінде:

:168

«Егер де бізде әуелгілерден бір «Еске салу» болғанда,

:169

онда біз де Аллаһтың таңдалған құлдарынан болар едік», - деп айтатын еді.

:170

Алайда, олар оған / Елшіге / күпірлік етті / сенбеді / . Енді олар жақын арада біледі.

:171

Әрі Біздің Сөзіміз Елші етіп жіберілген құлдарымызға алдын ала бекітіліп қойылған:

:172

Оларға сөзсіз көмек берілетіні,

:173

және Біздің әскеріміздің жеңетіні туралы.

:174

Ей, Мұхаммед! / Олардан / мүшріктерден / бір уақытқа дейін жүзіңді бүр,

:175

әрі Оларға қара, жақында олар / азапты / көреді.

:176

Олар Біздің азабымыздың тез болуын талап ете ме?

:177

Ал, ол / азап / олардың есіктерінің алдына түскен кезде, ескертілгендердің таңы қандай жаман болады.

:178

/ Ей, Мұхаммед! / Олардан / мүшріктерден / бір уақытқа дейін жүзіңді бүр,

:179

және қара, жақында олар / азапты / көреді.

:180

Сенің Раббың - үстемдік Раббысы / Иесі / олардың сипаттағандарынан пәк.

:181

Әрі елшілерге сәлем / амандық / .

:182

Барлық мақтау - Әлемдердің Раббысы Аллаһқа.