Бүкіл Ислам кітапханасы

74 - The Cloaked One - Al-Muddaththir

:1

Ей, бүркеніп алушы!

:2

Орныңнан түр, ескерт!

:3

Әрі Раббыңды ұлықта.

:4

Әрі киіміңді тазала

:5

және лас нәрселерден аулақ бол.

:6

Әрі жақсылықты - көп болып қайтуы үшін жасама.

:7

Әрі Раббың үшін сабыр ет.

:8

Ал, қашан сүр үрілсе,

:9

міне, сол күн - ауыр күн,

:10

кәпірлер үшін оңай болмайтын.

:11

/ Ей, Мұхаммед! / Жалғыз етіп жаратқанымды Өзіме қалдыр.

:12

Мен оған мол мал-дәулет бердім

:13

және жанында тұратын перзенттерді,

:14

әрі оған / дүниені / жайып қойдым.

:15

Содан кейін де ол Менің арттыра түсуімді қалайды.

:16

Жоқ, олай болмайды! Ақиқатында, ол аяттарымызға қарсы қасарысушы еді!

:17

Таяуда оны «өрге» мәжбүрлеймін.

:18

Анығында, ол ойлап, есептеді.

:19

Жойылып кеткір, ол қалай есептеді?!

:20

Содан кейін тағы жойылғыр, ол қалай есептеді?!

:21

Сосын ол ойланып қарады.

:22

Содан кейін қабағын шытып, бетін тыржитты.

:23

Одан соң теріс айналып, өзін жоғары санап, менменсіп:

:24

«Бұл - айтылып келе жатқан сиқырдан басқа ештеңе емес.

:25

Бұл - бар болғаны адамның сөзі», - деді.

:26

Жақында оны Сақарға кіргіземін.

:27

Сақардың не екенін саған не білдірді?

:28

Ол қалдырмайды да, тастамайды -

:29

теріні жандырып жіберуші.

:30

Оның үстінде он тоғыз бар.

:31

Біз тозақ сақшыларын періштелерден ғана қылдық. Әрі олардың санын сондай күпірлік етушілер / имансыздар / үшін бір сынақ еттік. Бұл Кітап берілгендердің көздері жетуі, имандылардың иманы артуы үшін және Кітап берілгендер мен имандылардың күмәнданбауы үшін. Сондай-ақ жүректерінде дерті барлар мен кәпірлер: «Аллаһ бұл мысалмен нені қалады?!» - деп айтуы үшін. Осылай, Аллаһ кімді қаласа адастырып, кімді қаласа тура жолға салады. Раббыңның әскерін Одан басқа ешкім білмейді. бұл - адамзат үшін бір Еске салудан басқа еш нәрсе емес.

:32

Иә, солай! Аймен ант етемін!

:33

Әрі кейін қайтқан түнмен,

:34

және ағарып жатқан таңмен.

:35

Ақиқатында, ол / тозақ / - өте үлкендердің / құбылыстардың / бірі,

:36

адамзатты ескертуші ретінде,

:37

сендерден алға жүруді немесе артқа шегінуді қалағандар үшін.

:38

Әрбір жан - істеп тапқанының / амалының / тұтқыны.

:39

Бірақ оң жақтағылар олай емес.

:40

Олар жәннаттарда бір-бірінен сұрасады,

:41

қылмыскерлер туралы.

:42

/ Тозаққа түскендерге / : «Сендерді Сақарға / тозаққа / не кіргізді?» - дейді.

:43

Олар: «Біз намаз оқушылардан болмадық,

:44

әрі кедейді тамақтандырмайтын едік,

:45

және / бос, өтірік сөздерге / батушылармен бірге батушы едік,

:46

және Есеп / қиямет / күнін өтірік санауда болдық,

:47

бізге айқын нәрсе / өлім / келгенге дейін», - дейді.

:48

Сонда оларға араға түсушілердің / шапағат етушілердің / араға түсуі пайда бермейді.

:49

Оларға не болды, Еске салатыннан / Құраннан / бет бұратындай,

:50

бейне бір үріккен жабайы есектер тәрізді.

:51

Арыстаннан қашқан.

:52

Негізінде, олардың әрбірі өзіне ашық жазбалардың берілуін қалайды.

:53

Жоқ, керісінше, олар соңғы, мәңгілік өмірден / ақиреттен / қорықпайды.

:54

Жоқ, олай емес! Анығында, бұл - бір еске салу, / ескерту /

:55

кім қаласа, оны есіне алады.

:56

Алайда олар Аллаһ қаламаса, есіне алмайды. Ол / жазасынан / қорқуға лайықты әрі кешірім Иесі.