Бүкіл Ислам кітапханасы

68 - The Pen - Al-Qalam

:1

Нун. Қаламмен және олардың жазып жатқандарымен ант етемін!

:2

/ Ей, Мұхаммед! / Сен Раббыңның игілігі арқасында жын соққан біреу емессің,

:3

әрі күдіксіз, саған таусылмайтын сый бар,

:4

және сен, шын мәнінде, ұлы мінезге иесің.

:5

Жақында көресің және олар да көреді,

:6

сендердің қайсы біріңде ессіздік / бүлік / бар екенін.

:7

Ақиқатында, Раббың Өз жолынан адасқандарды жақсы біледі. Әрі Ол тура жолдағыларды да жақсы біледі.

:8

/ Ей, Мұхаммед! / Өтірікке шығарушыларға бағынба.

:9

Олар сенің көнгіш болғаныңды қалайды, сонда олар да жұмсақтық танытпақшы.

:10

Әрбір көп ант бергішке, жексұрынға бағынба,

:11

мін таққышқа, өсек тасығышқа,

:12

жақсылыққа кедергі болушыға, шектен шығушыға, күнәға батушыға,

:13

дөрекіге бұған қоса өзін өзгенің баласы атағанға бағынба,

:14

дәулеті және перзенттері көп болса да.

:15

Оған аяттарымыз оқылған кезде ол: «Бұрынғылардың ертегілері», - деді.

:16

Таяуда оның тұмсығын таңбалаймыз.

:17

Ақиқатында, Біз оларды, бақ иелерін сынағанымыздай сынадық. Сол кезде олар таң уақытында оның жемістерін жинап алуға ант етті.

:18

Алайда олар ескермеді / тосын жағдайды есепке алмады /.

:19

Сөйтіп, олар ұйықтап жатқанда, оны / бақты / Раббың тараптан бір айналушы айналды.

:20

Сонда, таңға қарай жемістері қиылғандай кейіпке түсті.

:21

Ал, олар таң сәріде бір-бірін шақырды:

:22

« / Өнім / Жинайтын болсаңдар, бақтарыңа ерте барыңдар», - деді.

:23

Сөйтіп олар / баққа / жол тартып, сыбырласқан күйде:

:24

«Бүгін оған ешбір кедей кірмесін», - деді.

:25

Олар күштері жететініне сеніп, ертемен оңаша барды.

:26

Ал, оны көрген сәтте: «Ақиқатында біз адасып кетіппіз,

:27

жоқ, біз айрылған екенбіз», - деді.

:28

Олардың ішіндегі дұрыстауы: «Сен­дерге: « / Аллаһты / дәріптеңдер демеп пе едім», - деді.

:29

Олар: «Раббымыз / барлық кемшіліктен / пәк. Ақиқатында біз әділетсіз болдық», - деді.

:30

Сонда олар бірін-бірі жазғырып:

:31

«Сорымыз құрысын! Ақиқатында, біз шектен шыққан екенбіз.

:32

Мүмкін Раббымыз бізге бұның ор­нына одан жақсысын берер. Ақиқатында, біз Раббымыздан үміт етеміз», - десті.

:33

Міне, осындай азап! Күмәнсіз, соңғы, мәңгілік өмір / ақирет / азабы одан да үлкен. Егер, олар білген болса.

:34

Шын мәнінде, тақуалар үшін / Аллаһтың жазасынан қорқып, сақтанғандарға / олардың Раббысында - Наъим (Жәннаттың аты. Мағнасы - көптеген нығмет, игілік) бақтары бар.

:35

Біз мұсылмандарды / бойсұнушыларды / қылмыскерлер сияқты етеміз бе?!

:36

Сендерге не болды, қалай үкім шығарып жатырсыңдар?

:37

Әлде сендерде өздерің оқитын бір кітап бар ма?

:38

Онда / ол кітапта / : «күдіксіз, сендерге таңдағандарың болады» делінген бе?

:39

Әлде сендер үшін Қиямет күніне дейін жететін: «Шешкендерің орындалады», - деген, Біз міндетімізге алған ант бар ма?

:40

/ Ей, Мұхаммед! / Олардан сұра, қайсылары бұған кепіл болады екен?

:41

Әлде олардың серіктері бар ма? Егер шын сөзді болса, серіктерін әкелсін.

:42

Ол күні балтыр ашылғанда, олар сәжде етуге шақырылады, бірақ олардың оған шамалары келмейді.

:43

Олардың көздері жуасып, өздерін қорлық орап алады. Анығында, олар аман-сау кезінде / осы өмірде / сәжде жасауға шақырылған болатын.

:44

/ Ей, Мұхаммед! / Енді осы Сөзді / Құранды / өтірік санайтындарды Маған қалдыр. Біз оларды, өздері білмейтін жақтан, бірте-бірте ұстаймыз.

:45

Әрі оларға уақыт беремін. Ақиқатында, Менің айла-тәсілім өте мықты.

:46

Әлде сен олардан / ақиқатқа шақырғаның үшін / ақы сұрап, олар борышты болып қиналып жатыр ма?!

:47

Әлде оларда ғайыптан бір нәрсе болып, олар жаза ма?!

:48

/ Ей, Мұхаммед! / Раббыңның үкіміне сабыр ет және балық ішіндегі секілді болма. Сол уақытта ол қайғыға батып, жалбарынды.

:49

Егер оған Раббысынан бір игілік болмағанда, онда ол ашық жерге / жағалауға / айыпталған күйде лақтырылар еді.

:50

Раббысы оны таңдап, ізгілерден етті.

:51

Ал, күпірлік етушілер / Аллаһқа серік қосушылар / Еске салуды / Құранды / тыңдаған сәтте, сені көзбен атып сүріндіруге әзір және: «Ол - анық жын соққан», - дейді.

:52

Негізінде, бұл / Құран / - әлемдер үшін еске салудан өзге нәрсе емес.