Бүкіл Ислам кітапханасы

54 - The Moon - Al-Qamar

:1

Сағат / Қайта тірілу күні / жақындады және ай бөлінді.

:2

Егер олар Аллаһтың бір белгісін көрсе де, теріс бұрылады да: «Күшті сиқыр», - дейді.

:3

Әрі олар өтірікке шығарды және көңіл құмарлықтарына ерді. Әрбір істің өз орны / уақыты / бар.

:4

Ақиқатында, оларға тыйымдарды / ескертулерді / қамтыған хабарлар келді.

:5

Кемел, даналыққа толы / хабарлар / . Бірақ ескерту / имансызға / не пайда бермек?

:6

/ Ей, Мұхаммед! / Енді олардан теріс бұрыл. Шақырушы / сүр үрлеуші / қиын бір нәрсеге шақырған күні,

:7

олардың көздері қорлана жасыған күйде, бытырап жайылған шегірткелер секілді қабірлерден шығады,

:8

шақырушыға қарай асыққан күйлерінде. кәпірлер: «Бұл - ауыр күн!» - дейді.

:9

Олардан бұрын Нұхтың елі де өтірікке шығарған еді. Сөйтіп олар құлымызды / Нұхты / жалғаншыға шығарды және: «Жын қаққан», - деп жәбірлеп, тыйым салды.

:10

Сонда ол Раббысына: «Мен жеңілдім, маған көмек бер!» - деп дұға қылды.

:11

Біз аспан қақпаларын құйылған сумен аштық,

:12

және жерді жарып, бұлақтарды шығардық. Солай етіп сулар белгіленген іс үшін қосылды.

:13

Сонда оны тақтайлар мен дусурдан құралғанға / кемеге / мінгіздік.

:14

Ол / кеме / Біздің көз алдымызда жүзеді, / елі / күпірлік еткенге / теріске шығарғанға / қайтарым сый ретінде.

:15

Біз оны белгі-ғибрат етіп қалдырдық. Енді еске алушы бар ма?

:16

Менің азабым әрі ескертуім қалай болды?

:17

Біз Құранды еске алуға жеңіл еттік. Енді еске алушы бар ма?

:18

Ад елі / елшілерді / өтірікші санады. Сонда Менің азабым мен ескертуім қалай болды?

:19

Біз оларға жамандығы жалғасқан күні суық жел жібердік.

:20

Ол адамдарды опырылған құрма ағаштарындай жұлып әкетеді.

:21

Менің азабым мен ескертуім қалай болды?

:22

Біз Құранды еске алуға жеңіл еттік. Енді еске алушы бар ма?

:23

Сәмұд елі ескертуді өтірік санады.

:24

Олар: «Біз өз арамыздағы бір адамға ереміз бе? Онда біз әлбетте адасуда және ессіздікте боламыз.

:25

Ескерту / уахи / біздің арамыздан тек соған ғана түсірілді ме? Негізінде, ол менменсінген өтірікші», - деді.

:26

Олар ертең-ақ шектен шыққан өтірікшінің кім екенін біледі.

:27

«Біз оларға сынақ ретінде түйені жібереміз. Сен оларды байқа да / не істейтіндерін күтіп / сабыр ет.

:28

Оларға судың араларында бөлінгенін хабарла. Әркімге су алу / кезегі / белгіленген».

:29

Сонда олар серіктерін шақырып, ол оны / түйені / ұстап тірсегін қиды, / сойып өлтірді /.

:30

Сонда Менің азабым әрі ескертуім қалай болды?

:31

Біз оларға бір ғана сайха жібердік те, олар қора салушының кепкен қоқым шөбі секілді жапырылып қалды.

:32

Біз Құранды еске алуға жеңіл еттік. Енді еске алушы бар ма?

:33

Лұттың елі насихат, ескертуді өтірік санады.

:34

Біз оларға, тас жаудырған қатты жел жібердік. Тек Лұттың үй-ішінен басқасына. Ал, оларды сахарда / таң алдында / құтқардық,

:35

Бізден болған игілікпен. Біз игіліктерімізге алғыс білдіргеннің / шүкір еткеннің / қайтарым сыйын осылай береміз.

:36

Ол / Лұт / оларға Біздің ұстауымызды / азапқа тартуымызды / ескерткен еді, бірақ олар ескертуден күмәнданды.

:37

Олар одан қонақтарын / беруді / талап етті, сонда Біз олардың көздерін тегіс еттік. Енді Менің азабым мен ескертуімді татыңдар!

:38

Оларға ерте таңда бекітілген азап келді.

:39

/ Оларға: / «Енді Менің азабым мен ескерткенімді көріңдер!» - делінді.

:40

Біз Құранды еске алуға жеңіл еттік. Енді еске алушы бар ма?

:41

Әрі фиръаундықтарға да ескерту келген еді.

:42

Олар Біздің белгілеріміздің барлығын өтірік санады. Сонда Біз оларды бәрінен Үстем, бәріне Күші жетушінің ұстауымен ұстадық.

:43

Сендердің кәпірлерің солардан артық па? әлде сендер үшін кітаптарда кепілдік бар ма?

:44

Әлде олар: «Біз - үстем бір топпыз», дей ме?

:45

Жақында бұл топ / мүшріктер / жеңіледі де арттарына бұрылып қашады.

:46

Күмәнсіз, Сағат / Қайта тірілу / - оларға белгіленген бір уәделі мерзім. Әрі ол Сағат - өте ауыр, мүлдем ащы.

:47

Анығында, қылмыскерлер адасуда және ессіздікте.

:48

Сол күні олар Отқа беттерімен сүйретіледі. / Оларға: / «Сақардың ұстауын татыңдар!» - делінеді.

:49

Ақиқатында, Біз әрбір нәрсені алдын ала белгілегеніміз бойынша жараттық.

:50

Біздің бұйрығымыз көздің бір нәрсеге түскен сәтіндей ғана.

:51

Әрі Біз өздерің секілділерді жойып жібердік. Енді еске алушы бар ма?

:52

Олардың істеген барлық нәрселері кітаптарда -

:53

әрбір кішісі де, үлкені де - жазулы.

:54

Анығында, тақуалар / Аллаһтың жаза­сынан қорқып, сақтанушылар / / Жәннаттағы / бақтар мен өзендер арасында,

:55

барлық нәрсені Жасай алушы Үкім иесінің алдындағы ақиқат мекенінде.