Бүкіл Ислам кітапханасы

50 - The Letter "Qaf" - Qāf

:1

Қаф. Ұлы дәрежелі Құранмен ант етемін!

:2

Иә, олар өз араларынан бір ескертуші келгеніне таң қалды әрі кәпірлер: «Бұл - бір таңқаларлық нәрсе екен!

:3

Біз өліп, топыраққа айналған кезімізде ме? Бұл қайту - ұзақ / мүмкін емес / », - деді.

:4

Біз олардан / мүрделерінен / жердің нені кемітіп жатқанын білеміз, әрі Біздің алдымызда сақтаушы Кітап бар.

:5

Негізінде, олар өздеріне ақиқат келген кезде оны өтірік деді, ал енді олар сасқалақтап абыржуда.

:6

Олар үстеріндегі аспанға назар салмай ма? Оны қалай құрғанымызға және безендіргенімізге? Онда бір сызат / жарықшақ / жоқ.

:7

Әрі жерді жайып және оған берік орналасқандарды / тауларды / тастадық / орнаттық / , әрі онда барлық көркем түрлерден өсірдік,

:8

мұны әрбір Раббысына әрдайым қайтушы құлға көрнекі белгі етіп және есіне салу / ғибрат / үшін істедік.

:9

Аспаннан берекелі су түсіріп, онымен бақтар және орып алынатын дақылдар өсірдік,

:10

әрі қауашақтары шоғырланған ұзын құрмаағаштарын да,

:11

құлдарға ризық ретінде. Әрі ол сумен тіршіліксіз қалған жерді жандандырдық. / Қабірлерден / шығу да осылай болады.

:12

Олардан бұрын Нұхтың елі, ар-Рас тұрғындары / құлық иелері / және Сәмұдтықтар / елшілерін / өтірікші санады.

:13

Әрі Ад елі, Фиръаун және Лұттың ағайындары да,

:14

Әйке тұрғындары мен Туббаъның елі де. Барлығы елшілерді өтірікші санады, сонда Менің / жазамен / қорқытуым шындыққа айналды / орындалды / .

:15

Біз алғашқы жаратқанда әлсіз болдық па? Жоқ! Алайда олар жаңадан жаратуға / қайта тірілтуге / қатысты күмәндануда.

:16

Ақиқатында, адамды Біз жараттық және оған оның жаны не деп сыбырлағанын / уәсуәса еткенін / білеміз. Әрі Біз оған күре тамырынан да жақынбыз.

:17

Міне, / әрбір адамның / оң жағынан және сол жағынан екі тіркеп / жазып / алушы отыр.

:18

Ол қандай сөз айтпасын, оның жанында дайын тұрған бақылаушы бар.

:19

Әрі өлім арпалысы / жан шығатын кездегі қиыншылық / ақиқатпен келеді. Сен қаламай қашқақтап келген нәрсең - міне осы.

:20

Әрі Сүр үріледі. Бұл - уәде етілген / ескертілген / Күн.

:21

Сонда әрбір жан бір айдаушымен және куәгермен бірге келеді.

:22

«Сен бұдан қаперсіздікте едің, Біз сенен пердені аштық, енді бүгін сенің көзің өткір, -деп әрбір сенбеушіге үнделеді.

:23

Әрі оның қасында бірге болған / періште / : «Міне, мынау мендегі дайындағаны», -дейді.

:24

«Екеуің ақиқатқа қасарысқан әрбір кәпірді Жаһаннамға тастаңдар,

:25

жақсылыққа кедергі жасаған, шектен шыққан және күмән келтіргенді,

:26

сондай, Аллаһпен қатар басқаны құдай етіп алғанды. Оны қатты азапқа тастаңдар», -делінеді.

:27

Оның серігі: «Раббымыз! Мен оны күнәға батырып адастырған жоқпын, керісінше оның өзі ұзақ адасуда болды», - дейді.

:28

Ол / Аллаһ / : «Менің алдымда дауласпаңдар. Мен сендерге алдын ала ескерткенмін.

:29

Менің алдымда сөз өзгертілмейді әрі Мен құлдарға әділетсіздік етуші емеспін», -дейді.

:30

Сол күні Біз Жаһаннамға: «Толдың ба?» - дейміз. Ал ол: «Тағы да бар ма?» - дейді.

:31

Ал, тақуалар / Аллаһтың жазасынан қорқып, сақтанушылар / үшін жәннат жақындатылып, / олардан / алыс болмайды.

:32

Міне, осы сендерге - әрбір әрдайым Раббысына қайтушыға, сақтаушыға уәде етілген нәрсе,

:33

сондай әр-Рахманнан көрмей-ақ, құпия түрде қорыққанға әрі әрқашан Раббысына бұрылған жүрекпен келгенге.

:34

«Оған / жәннатқа / амандықпен кіріңдер! Міне, бұл - мәңгілік Күні.

:35

Оларға ол жерде қалаған нәрселері бар, ал Бізде және қосатынымыз бар.

:36

Біз олардан / Мекке кәпірлерінен / бұрын қаншама халықты жойып жібердік. Олардың күш-қуаты бұларға қарағанда мықты әрі көп елдерді шарлаған еді. Оларға қашатын / құтылатын / жер болды ма?

:37

Ақиқатында, Мұнда жүрегі барға немесе естігенін қабылдағанға еске салу / ескерту / бар.

:38

Біз аспандарды және жерді, әрі екеуінің арасындағыларын алты күнде жараттық және Бізге шаршау тимеді.

:39

/ Ей, Мұхаммед! / Сен олардың айтып жатқандарына сабыр ет. Әрі күн шығардан алдын және күн батардан бұрын Раббыңды мақтап, / барлық кемшіліктен / пәк деп дәріпте,

:40

және түннің бір бөлігінде және сәжделердің / намаздардың / артында да Оны / барлық кемшіліктен / пәк деп дәріпте.

:41

Әрі шақырушы сол күні жақын жайдан шақырғанда тыңда.

:42

Сол күні олар сайханы анық естиді. Міне, бұл - Шығу күні.

:43

Анығында, Біз тірілтеміз және өлтіреміз, әрі қайту - Бізге.

:44

Сол күні жер жарылып, олар асыққан күйде болады. Бүл жинау Бізге оңай.

:45

/ Ей, Мұхаммед! / Біз олардың не айтып жатқандарын жақсы білеміз, ал сен оларға мәжбүрлеуші емессің. Менің ескертуімнен қорқатындарға Құран арқылы еске сал / насихат ет / .